Қатар (араб.:قطر[ˈqɑtˁɑr], жергілікті[ɡitˁar]), ресми —Қатар мемлекеті (араб.:دولة قطرДәвләт Қатар) —Парсы шығанағының Қатар түбегінде орналасқан тәуелсіз мемлекет. Жер көлемі 11400 км²-ге, ал халық саны 724 мың адамға (1999) тең. Ресми тілі –араб тілі. Астанасы –Доха қаласы. Мемлекеттің саяси құрылымы –абсолюттік монархия. Мемлекет басшысы, әрі әмір шейхі —Тамим ибн Хамад әл Тани (1995 жылдан) бүкіл билікті өз қолына шоғырландырған.Саяси партиялары жоқ. Ұлттық мерекесі 3 қыркүйек – Тәуелсіздік күні (1971). Ақша бірлігі –Қатар риалы.
Жері шөлейтті жазық болып келеді. Тұрақты ағатын өзендері жоқ. Климаты тропиктік, құрғақ, қысы мен жазы қуаң, ыстық. Қаңтардағы орташа температура 16С, шілдеде 32С, жауын-шашынның жылдық мөлшері 100 мм.
Қатар түбегін адамдар біздің заманымыздан бұрын 2 – 3-мыңжылдықта қоныстана бастаған. Алғашқы жазба мәліметтер біздің заманымыздың бас кезінен бастап кездеседі. Оны оқтын-оқтын ирандықтар жаулап алып отырды. 7 ғасырда елді арабтар жаулап алып,Араб халифаты құрамына енгізді. Халифат ыдырағаннан кейін (10 ғасыр), аумағыКарматтар мемлекетінің құрамында болып, 13 – 14 ғасырлардаБахрейн әмірлігінің қол астына қарады. 16 ғасырда Қатарды Бахрейн әмірлігімен бірге португалдар, кейінірек Осман сұлтандығы басып алды. 17 ғасырдан бастап ел түрік, парсы мемлекеттері мен араб билеушілері (Оман шейїтары, Сауд әулеті, тағы басқа) арасындағы күрес нысанына айналды. 18 ғасырдың 2-жартысынан бастап елдің шағын бөлігінеТани әулеті иелік ете бастады. Бұл әулет 19 ғасырдың аяғында елді біріктірді, бірақ1868 жылы ағылшындармен өз тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін шарт жасасты.1871 –1914 жылы Осман сұлтандығы қайта бағындырды.1914 жылы елді ағылшындар басып алып,1916 жылы Қатар Британия протектараты болып жарияланды.1930 жылы ел аумағынан аса молмұнай қоры табылып, шет ел компаниялары ағыла бастады. 2-дүниежүзілік соғыстан кейін елде ұлт-азаттық қозғалысы күшейді.1960 – 68 жылы халық толқулары қайта күшейіп, билік басындағылар ауысып, ағылшын әскерлері елден шығарыла бастады.1970 жылы 10 сәуірде уақытша конституция қабылданып, мамырда алғашқы үкімет құрылды.1971 жылы 1 қыркүйекте Қатар тәуелсіз мемлекет болып жарияланып,БҰҰ менАраб мемлекеттері лигасына қабылданды.1991 жылыҚатар Қарулы Күштері БҰҰ шеңберінде жүргізілген Ираққа қарсы соғыс қимылдарына қатынасты.
Негізгі байлығы – мұнай (табиғи қоры – 778 млн. тонна). Елдегі ұлттық табыстың 90%-ын мұнай өнеркәсібі береді. Мұнай өнеркәсібі “Қатар петролеум”, “Шелл оф Қатар”, тағы басқа компаниялардың қолында. Мұнайдан басқа табиғи газ өндіріледі, балық ауланады. Тұрғындардың 35%-ы өнеркәсіпте, 3%-ы ауыл шаруашылығында, 60%-ы қызмет көрсету салаларында қызмет етеді. Жерінің 0,7%-ы ғана ауыл шаруашылығына пайдаланылады.1997 жылы ұлттың байлық мөлшері 7,4 млрд.АҚШ доллapы, жан басына шаққанда 20100 доллар деңгейінде болды. Мұнай салалары бойынша жетіспейтін жұмыс күшін сырттан әкеледі. Сырттан мәшінелер, құрал-саймандар, мал, тамақ өнімдері, тұтыну және химия тауарлары әкелінеді. Негізгі сауда серіктестіктері:Жапония,Италия,АҚШ,Ұлыбритания,Германия,Франция,Сауд Арабиясы.Қазақстан мен Қатар арасында дипломатиялық қатынас1992 жылы орнаған.1998 жылы 23 мамырда Қазақстан ПрезидентіН.Назарбаев Қатарда ресми сапармен болып, әмір Хамад бен Халифа әл-Танимен және елдегі аса ірі бизнес өкілдерімен келіссөз жүргізді. Екі жақ мұнай өңдеу және тасымалдау, инвестиция мен банк, туризм, әуе байланысы, тағы басқа салалар бойынша өзара келісімдерге қол қойды. Осы кездесуден кейін екі ел арасында сауда-экономикалық байланыстар жедел дами бастады.